Аlmaty Film Festival өз шымылдығын «Айка» картинасымен түрді. Бұл Каннан жүлделі оралған лентанының әлемдік, толықнұсқалы премьерасы еді. Кеште, Самал Еслямованың өнеріне тәнті болған қонақтар көз жасына ерік беріп, тіпті айтарға сөз таппады.
-Мынау негізінде киноәлемінде хлопушка дейдін зат. Осы хлопушкадан бастайық деп отырмыз фестивалімізді. Осылай ашады да жабады. Басталды деген сөз.
Алатау бөктерінде алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль, дәл осындай кино дәстүріне сай нышанымен басталды. Кейіннен, жарысқа түсетін 30-ға жуық картинаның тізімі ұсынылып, Сергей Бодров бастаған қазылар алқасы да елге таныстырылды.
Алайда, кеш қонақтарының көпшілігі ашылу салтанатын емес, фестивальде көрсетілетін тұңғыш фильмді тағатсыздана тосқан еді. Себебі, айтулы шараның шымылдығын түру мәртебесі - «Айка» картинасына тапсырылған.
Ақан Сатаев, режиссер:
-Фестивальде көрсетілетін алғашқы киноны таңдауда жолымыз болды. Бұл «Айка» картинасының әлемдік премьерасы. Себебі, Каннда лентаның тек үзіндісі көрсетілген еді. Қуаныштымын.
Каннан жүлделі оралған лентада, Айнұр есімді эмигрант арудың өмірі баяндалады. Мәскеу қаласындағы қиын қыстау күндер, жан-жақтан қыспаққа алған қарыздар, үміт пен күдік, сәбиін сатуға бекінген ана. Бұл сюжет ешкімді бей-жәй қалдырмады.
Туындыны тұңғыш рет тамашалаған көрермен, сезімге ерік беріп, Еслямованың шеберлігіне қатысты қошеметін жаудыра жөнелді. Ал, киногерлер болса, картинаның ең алғаш туған жерде таныстырылғанына дән риза.
Самал Еслямова, актриса:
-Енді өз еліңде тұсаукесер болып жатқан әрине жақсы. Бұл рольға мен өзімнің 7 жыл өмірімді салған едім. Өмірімді ғана емес, бүкіл күшімді. Физически, морально. Сол үшін әрине, оңай емес.
Сергей Дворцевой, режиссер:
-Мүмкін картина «Оскар» жүлдесіне үміттілер қатарынан табылып қалар. Бірақ меніңше, ең бастысы халыққа, отандастарымызға көрсету, олардың бағасын алу.
Картина қазірдің өзінде көпшіліктің көңілінен шығып жатқандай.
Альмира Тұрсын, актриса:
-Ананың махаббатын ананың жүрегіне қалай келетінін соны көрсетті. Маған сол ұнады. Мен енді, өзім анамын. Сол енді қатты сездім, маған қатты ұнады.
Жанель Мақажан, актриса:
-Шыны керек, ауыр фильм екен. Көптен бері күтіп, көргім келіп жүрген фильмнің бірі болатын. Самалға өте ризамын, осындай қиын әрі сынаққа толы рөлді сомдап шығу әркімнің қолынан келе бермейді.